«Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасының тұжырымдамасы
Өзектілігі. Ұлттық бірегейлікті сақтауда қанымызға сіңіп, тұрмысымызға айналған салт-дәстүрдің маңызы жоғары. Рухани құндылықтардың ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, сабақтасуы мәңгілік ел болудың негізгі өзегі. Сондықтан, ұлттық бірегейлікті сақтау жолында дәстүр мен ғұрпымызды, ұлттық асханамыз бен тағамдарымызды жүйелі жаңғырту керек. Жобаның мақсаты көнеріп, қолданыс аясы тарылған дәстүр мен ғұрыптан бас тартып, ұмыт болғанын жаңғыртып, тәрбиелік және адамгершілік құндылығы жоғары салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды заманға сай түрлендіру. Және, қазақтың ұлттық асханасының ерекшелігі мен құндылықтарын кеңінен дәріптеу. Бұл мақсатқа жету үшін келесі міндеттерді орындау қажет: 1. Ұлттық рухты, патриотизмді, тәлім-тәрбиені дәріптейтін қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғырту; 2. Жалпыхалықтық рухани құндылықтарды күшейту; 3. Халықты салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтаудың маңыздылығымен ақпараттандырып, ұлттық құндылықтарға деген сезімді арттыру; 4. Жас ұрпаққа ұлттық құндылықтармен қазақ асханасының пайдасын дәріптеу. Күтілетін нәтижелер: - ұлттық рух, тәлім-тәрбиені дәріптейтін салт-дәстүрлер жаңғырады; - жас ұрпақтың, халықтың бойына әдет-ғұрыптар сіңеді; - ұлттық бірегейлік қалыптасып, құндылықтардың халық өміріндегі маңызы артады; - салт-дәстүрді білетін, әдет-ғұрыптарды сақтайтын жас ұрпақ қалыптасады; - ұмыт болған бірегей ұлттық тағам түрлері жаңғырады; - гастрономиялық туризм қолға алынып, шетелдік туристер қазақ асханасының тарихына қанығады: - дәстүр арқылы халық тарихты танып, патриоттық рух артады.